«Ертіс» ФО тәлімгерлері жаңа футбол кешенінде алғашқы жаттығу жұмыстарын жасады.

Осы аптадан бастап «Ертіс» футбол орталығының тәлімгерлері қысқы дайындық жұмыстарын «Bolashaq Arena» жабық футбол кешенінде өткізетін болады. Спорт нысаны «Батыр» стадионында (бұрынғы Металлург) орналасқан. «Ертіс» футбол орталығының жаттықтырушылары аренаның сапасына жоғары баға берді. Орталық басшысының міндетін атқарушы Вячеслав Казаковтың айтуынша балалардың қуанышында шек жоқ. 

– Бұндай жағдай жасалғандығы үшін, облыс басшылығына алғыс айтқым келеді. Меніңше, бұл аймақ футболының дамуы бағытындағы үлкен жаңалық . Көп уақыт бойы аталмыш кешенді қажет еттік. Балалар қуанып жатыр. Қазір жаттығуға келем деушілердің саны өседі деп күтілуде. Оған қоса орталықта қыздардың футбол тобы ашылды. Жұмыс қарқынды түрде жүргізілуде. Сол себепті нәтиже де өзін көп күттірмейді,- деді бапкер. 

Аренада жасанды жамылғы төселген үш шағын футбол алаңы және жылы киім ауыстыру бөлмелері бар. Футбол орталығы тәлімгерінің анасы Мейрамгүл Дүйсекованың айтуынша кешен қысқы жаттығуларға жағымды әсер етеді. 

– Осындай жағдай жасалып, тегін жаттығу ұсынылғандығына өте қуанып жатырмыз. Ата-аналар тарапынан ризашылығымызды білдіріп жатырмыз. Балаларға тек сәттілік тілейміз! 

Спорт нысаны жақын арада ресми түрде ашылып, аренадағы жаттығу футбол сүйер павлодарлықтарға қол жетімді болады.