Мәжіліс депутаттары Павлодарлық футбол жаттықтырушыларымен кездесті.

Павлодар облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Парламент Мәжілісі депутаттары Наринэ Микаэлян және Магеррам Магеррамов  «ERTIS» футбол орталығы және мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебінің жаттықтырушыларымен кездесті. Халық қалаулылары жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауда балалар футболын дамыту маңыздылығы жайлы сөз қозғады. Бұл ретте, Магеррам Маммедович бапкерлердің біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлу керектігін алға тартты. 2017 жылы Магеррам Магеррамов ҚР Парламент Мәжілісінде отандық футбол деңгейін арттыруға қатысты ұсыныстарын келтіріп, депутаттық сауал дайындаған еді.

Ал Наринэ Микаэлянның айтуынша, Парламент Мәжілісінің бір топ депутаты, оның ішінде Қазақстан Ассамблеясының өкілдері бар, жақында  №1 спорт түрін дамытуға қатысты депутаттық сауал дайындаған көрінеді.

-Ауылдық жерлерде футбол үйірмелерін дамыту үшін қаражат бөлу керек. Ол жақта да футболға қызығушылық танытатын балалар жеткілікті. Олар қалаға жете алмайды. Сол себеті ауылдарда арнайы спорт кешендері болу қажет.

Айту керек, Павлодар облысында белсенді түрде жаңа футбол алаңдары салынуда. Оның ішінде толық көлемді спорт нысандары да бар.

«ERTIS» ФО басшысы Вячеслав Казаков биыл жас футболшылар қыс мезгілінде жабық алаңда жаттығу жүргізе бастағандығын айтты. Аталмыш жаңашылдық өз жемісін береді деген үмітте.
— Өткен жылы 6 топтың 4-уі Қазақстан чемпионатының жүлдегері атанды, оның ішінде біреуі чемпиондық атаққа қол жеткізді. Енді бұл нәтижені жақсарту бағытында жұмыс жасап жатырмыз. Жабық спорт кешенінде жаттығу жүргізе бастадық. Балалардың қуанышында шек жоқ. Нәтижелер өзін көп күттірмейді деп ойлаймыз.

М.Магеррамов және Н.Микаэлян — Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің  мүшелері болып табылады. Олар павлодарлық жаттықтырушылардың сауалдарына жауап беріп, бірқатар өзекті деген мәселелер жайлы ой түйді. Бұл ретте балаларға спорт дәрежесін беру,  футболдағы агенттердің қызметі, жаңа футбол жарыстарын ұйымдастыру тақырыптары көтерілді.