«Ертіс» футбол орталығында қыздар тобы құрылды

Павлодар облысында қыздар арасындағы футбол дамуы жаңа бағытқа қадам басты. «Ертіс» футбол ортылығында алғашқы рет 12-13 жастағы қыздар тобы құрылды. Орталық басшысының міндетін атқарушы Вячеслав Казаковтың айтуынша бұл өте маңызды бастама.

-Павлодарлық қыз балалардың футбол ойнап жүргендеріне бес жылдай болып қалды. Енді «Ертіс» футбол орталығының негізінде құрылған команда арқасында, қыздар футболы жаңа деңгейге көтеріліп, мәртебесі арта түспек, – деді Вячеслав Анатольевич.

Құрылған командадағы жаттығу қыз балаларға тегін түрде ұсынылады. Жаттықтырушы ретінде Ксения Постовая қызмет етеді. Маман өңірімізде қыздар футболының бас бапкері, УЕФА «С» JIRA санатындағы жаттықтырушы болып табылады. Ксения Николаевна бұл салада алты жыл бойы жұмыс істеп, қалалық, облыстық чемпионат жүлдегерлерін тәрбиелеген. Бірнеше шәкірттері футболдан ҚР жасөспірімдер құрамасында өнер көрсетеді.

К.Постовая осы уақытқа дейін қыздардың жаттығу жұмыстарын өткізгенде бірқатар қиындықтар болғандығын айтты. Оған негізінен спорт құрал-жабдықтарының жоқтығы және дайындық орны бойынша мәселелер себеп. Әсіресе қыс айларында жаттығатын жері табу оңай емес еді.

Ал қазір, «Ертіс» футбол орталығында құрылған қыздардың командасы жаттығуларын заманауи «Bolashaq Arena» футбол кешенінде өткізеді. Бұл жерде болашақ футболшылардың дайындығына барлық жағдай жасалған.

-Павлодар облысында қыздар арасындағы футбол дамуы бірнеше жыл бойы қарқын қосып келеді. Енді түбегейлі өзгеріс орын алды. Біздің тұрақты түрде жаттығатын орнымыз бар,доптар, конустар, барлық құрал-жабдықтарымыз бар. Спорт нысаны керемет. Қыздар жаттығуларының болашағы пайда болды. Бірнеше жылдан кейін өңіріміздің кәсіби әйелдер командасы да шығатындығына сенімдімін, – дейді К.Постовая

Жас тәлімгерлердің бірі Наргиз Нұрғалиева дайындық жұмыстары жаңа спорт алаңында өтіп жатқандығына аса қуанышты екендігін жеткізді:
-Маған өте ұнады. Жабық, жылы спорт алаңы. Енді тек жаттығуға көңіл бөліп, соңына дейін күресу керек.